"Ордабасы" басшысының кеңесшісі Ермұхамед Мәулен клубтағы қазіргі жағдайды сөз етті. Танымал журналистың айтуынша, клубта біраз жұмыс атқарылып жатыр.
"Бірінші бол" YouTube-арнасында шыққан соңғы подкастта танымал спорт журналисі, футбол сарапшысы Ермұхамед Мәулен шымкенттік "Ордабасы" клубының болашағы жайлы ақпаратпен бөлісті. Президент кеңесшісінің айтуынша, клубта көптеген жұмыс атқарылды:
"Ордабасы" футбол клубы жергілікті әкімдіктен қаржыландырып отырғандықтан, шаһар басшысы Ғабит Әбдімажитұлының (Ғабит Сыздықбеков - Шымкент қаласының әкімі) жасап отқан шаруаларының арқасында мінекей басқа стратегиямен дамып келе жатырмыз. База салынып жатыр. Ғимарат бар, стадион жөнделіп жатыр, тағы бір стадион салынып жатыр. Дәл қазір инвестордың өзі келіп, сұрап алатындай болып тұр. Дәл қазір "Ордабасы" ыстық бәліш болып тұр", – деді Ермұхамед Мәулен.
Футбол сарапшысының айтуынша, жаңа инвестор клубқа осы жылы келеді:
"Инвестор биыл келуі тиыс. Келетін болса, сәуір айына дейін бір-екі мықты трансфер жасап қалатын шығар бәлкім, кім біледі", – деп қосты маман.
Естеріңізге салайық, өткен маусымда шымкенттік клуб маусымды жетінші орында аяқтаған. Сонымен қатар "Ордабасы" Қазақстан кубогының финалына дейін жетіп, "Тобылға" 0:2 есебімен есе жіберді.
Біздің редакция жақында "Ордабасы" клубының жаңа базасы салынғаны жайлы жазған болатын. Ақпаратты осы сілтеме арқылы оқи аласыздар.