Реклама
Реклама

Қазақстан құрамасының ФИФА-ның жаңа турниріндегі матч кестесі жарияланды

Сарапшы, спорт журналисі
03.02.2026, 13:26

Ұлттық құраманың жаңа турнирдегі ойындары 25-наурызда басталмақ.

ҚФФ

Халықаралық футбол федерациясы (FIFA) Қазақстан құрамасы қатысатын жаңа халықаралық турнир — FIFA Series 2026 аясындағы топтың құрамын бекітті. Бұл туралы Қазақстан футбол федерациясының (ҚФФ) баспасөз қызметі хабарлады.

Қазақстан ұлттық құрамасының қарсыластары — Намибия, Комор аралдары және Кувейт құрамалары. Барлық матчтар Астанадағы «Астана Арена» стадионында өтеді. Турнир «төрттік финал» форматында ұйымдастырылады.

Алғашқы ойындар 25 наурызда өтеді. Қазақстан құрамасы 15:00-де Комор аралдары құрамасымен кездессе, 20:00-де Кувейт пен Намибия құрамалары өзара матч өткізеді.

28 наурызда 15:00-де алғашқы кездесулерде жеңілген екі команда ойнайды, ал 20:00-де алғашқы матчтарда жеңіске жеткен командалар турнир чемпионын анықтайды.

Матчтар күнтізбесі

25.03.2026

  • М1. Қазақстан — Комор аралдары — 15:00
  • М2. Кувейт — Намибия — 20:00

28.03.2026

  • М3. М1 жеңілген команда — М2 жеңілген команда — 15:00
  • М4. М1 жеңімпазы — М2 жеңімпазы — 20:00

Қазақстан FIFA Series 2026 турнирін қабылдайтын алғашқы елдердің қатарына енді. Қазақстаннан бөлек, бұл жарысты Аустралия, Әзербайжан, Индонезия, Маврикий, Пуэрто-Рико, Руанда және Өзбекстан қабылдайды. Әйелдер ұлттық құрамалары арасындағы турнир матчтары Бразилия, Кот-д’Ивуар және Таиландта өтеді.

Регламент қандай?

FIFA Series форматына сәйкес, әр топта әртүрлі конфедерациялардан келген төрт ұлттық құрама өнер көрсетеді. Әр команда екі жолдастық матч өткізеді. Бұл ұлттық құрамалар күнтізбесіне артық жүктеме түсірмей, сапалы халықаралық тәжірибе жинауға мүмкіндік береді.

Реклама
Реклама