Әйгілі португал футболшысын Сауд Арабиясының ішкі чемпионатындағы жәйттар қатты алаңдатуда.
"Әл-Наср" клубының португалиялық шабуылшысы Криштиану Роналду клубтағы қазіргі жағдайға көңілі толмай, келісімшартын бұзу мүмкіндігін қарастырған. Бұл туралы X әлеуметтік желісінде The Touchline хабарлайды. Дереккөз мәліметінше, Роналду "Әл-Насрдағы" өз ықпалының азайғанын, енді оның пікірі маңызды шешімдер қабылдау кезінде ескерілмейтінін сезінеді.
Бұның алдында португалиялық ойыншы Кәрім Бенземаның "Әл-хиләл" клубына ауысуына қарсылық танытты деген ақпар пайда болған еді.
Бұған дейін Криштианудың саудиялық клубта өзін бақытсыз сезініп жүргені туралы ақпарат тараған еді. Роналду "Әл-Наср" сапында 2023 жылдан бері өнер көрсетіп келеді. Футболшының клубпен жасасқан келісімшарты 2027 жылға дейін есептелген.
Transfermarkt беделді интернет-порталы бұған дейін "Реал", "Манчестер Юнайтед", "Ювентус" және "Спортинг" клубтарында ойнаған шабуылшының нарықтағы бағасын 12 миллион еуро деп бағалайды.