Түскен қаражатқа клуб басшылығы балалар және жасөспірімдер футболын дамытуды көздейді.
Семейлік "Елімай" клубты коммерцияландыру мақсатында акцияларының бір бөлігін сатылымға шығарды. Бұл туралы Aladop.kz хабарлады. Басылым келтірген мәліметке сәйкес, клуб басшылығы балалар және жасөспірімдер футболын дамыту үшін акция пакетінің үлесін жеке инвесторға өткізген.
"Azaliya" жеке кәсіпкерлігінің директоры Әмір Қайратұлы 5 миллион теңгеге клуб акцияларын сатып алып, "Елімайдың" ресми акционері атанды. Десе де, Әмір Қайратұлының мәртебесі тек мұнымен шектелмейді. Ол "Елімай" футбол орталығындағы белгілі бір жас санатындағы команданың титулдық демеушісі атанды. Сонымен қатар кәсіпкер аталған команданың дамуын тікелей бақылап, олардың спорттық және инфрақұрылымдық өсіміне қолдау көрсететін жеке куратор міндетін атқарады.
Өз кезегінде акционерден түскен қаражат клуб жанындағы футбол орталығының жұмысын жақсартуға және жас таланттарды дамытуға бағытталмақ. Бұл шешім аймақтық клуб үшін қаржылық тұрақтылық пен ұзақмерзімді даму стратегиясының бір бөлігі ретінде қарастырылуда.
Айта кетейік, бұған дейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында кәсіби спорт клубтарын коммерцияландыру және бұқаралық спортты дамытуды тапсырған еді.