"Қайрат" РПЛ клубынан қарымта қайтарды
Алматылық "Қайрат" Түркияның Анталья қаласында өтіп жатқан оқу-жаттығу жиынындағы соңғы бақылау матчын өткізді.
Антальядағы соңғы ойын
Жиын аясындағы шешуші кездесуде “Қайрат” Ресей Премьер-лигасының өкілі — Нижний Новгородтың “Пари НН” клубымен тағы да ойнады. Бұл матч алматылықтар үшін шетелдегі дайындық кезеңіндегі соңғы ойын болды.
Кездесу 1:0 есебімен аяқталып, ҚПЛ-2025 чемпионы қарсыласынан қақпасына гол жібермей басым түсті. Осылайша “Қайрат” бұған дейінгі ойындағы 3:4 есебіндегі жеңілістің қарымтасын қайтарды.
“Пари НН”-нің жағдайы және таныс бапкер
Айта кетейік, “Пари НН” РПЛ маусымының алғашқы бөлігінен кейін 14 ұпаймен 14-орында тұр. Ал ресейлік клубтың бас бапкері Алексей Шпилевский бұған дейін “Қайраттың” бас бапкері болған.
Алматылықтар екінші оқу-жаттығу жиыны барысында төрт бақылау кездесуін өткізді:
- “Пахтакор” (Ташкент) — 1:1
- “Орынбор” — 1:0
- “Пари НН” — 3:4
- “Пари НН” — 1:0
Енді «Қайратты» маңызды матч күтіп тұр. 28 ақпанда “Астана Аренада” Қазақстан Суперкубогы үшін “Тобылға” қарсы ойнайды.