УЕФА "Барселонаға" Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіндегі "Славияға" қарсы матчтан кейін айыппұл салды.
Еуропалық футбол қауымдастықтары одағы (УЕФА) Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіндегі жетінші тур аясында прагалық "Славияға" қарсы өткен матчтың қорытындысы бойынша "Барселонаға" қатысты тәртіптік шешім шығарды. Аталған кездесу каталондық клубтың 4:2 есебімен жеңісімен аяқталған еді.
"Көк-анарлыларға" салынған айыппұлдың жалпы сомасы 30,5 мың еуроны (18 миллион теңге) құрады.
УЕФА-ның тәртіптік органдарының шешіміне сәйкес, жанкүйерлер трибунада пиротехникалық құралдарды жаққаны үшін "Барселона" 15,5 мың еуро айыппұл төлеуге міндеттелді. Бұған қоса, команда ойын басталар алдында алаңға кеш шыққаны үшін каталондықтар тағы 15 мың еуро көлемінде айыппұл арқалады.
Айта кетейік, кешігу "Барселонаның" бас бапкері Ханс-Дитер Фликтің әрекеттеріне байланысты болған. Неміс маманы УЕФА тарапынан ресми ескерту алды. Егер мұндай жағдай қайталанса, оған қатаңырақ тәртіптік жаза қолданылуы мүмкін.