Реклама
Реклама

"Ақтөбе" — "Тобыл": Луиш Нани нәтижелі пас беріп, матч тағдырын шешті

Сарапшы, спорт журналисі
07.03.2026, 19:09

Қазақстан Премьер-Лигасының 2026 жылғы маусымы "Ақтөбе" үшін жарқын басталды.

Instagram/@fcaktobe_official

Ірі жеңіс тіркелді

Ақтөбеліктер бірінші турда Қостанайдың "Тобылын" 4:1 есебімен тізе бүктіріп, жанкүйерлерге шабуылға толы футбол көрсетті.

Кездесу Түркістан Аренада өтті. Матчтың алғашқы минуттарынан-ақ "Ақтөбе" алаңдағы басымдықты қолына алды. Команда шабуылды жиілетіп, қарсылас қақпасына тұрақты қысым жасады. Соның нәтижесінде 24-минутта Даниэль Соса айып алаңына бағытталған пасты сәтті түйіндеп, есеп ашты.

Бірінші таймның ортасына қарай "Тобылда" таразы басын теңестіруге мүмкіндік болды. Ақтөбелік қорғаушысы Иван Ордец өз айып алаңында қолмен ойнап, төреші пенальти белгіледі. Бірақ Луис Герраның соққысын қақпашы Александр Заруцкий қайтарды. 

Бұдан кейін "Тобылдың" жағдайы одан сайын қиындай түсті. Тайм аяқталар сәтте Максим Мякиш қызыл қағаз алды. 

Екінші таймдағы толық басымдық

Үзілістен кейін алаң иелері есепті бірден ұлғайтты. 46-минутта Айдин Зелькович қақпашымен бетпе-бет шығып, мүмкіндігін мүлт жібермеді. 

68-минутта Тимур Досмағамбетов алыстан дәл соққы жасап, допты қақпаның төменгі бұрышына тоғытты. 

Кейін Луиш Нани Қазақстан Премьер-Лигасындағы дебют жасады. Оның алаңға шығуы кездесудің ең қызық сәттерінің біріне айналды.

72-минутта Жаслан Жұмашев "Тобыл" сапынан бір голмен жауап қайырып, айырманы қысқартты. Алайда арада көп уақыт өтпей-ақ Нани нәтижелі пас шығарып, сол шабуылды Иван Ордец голмен аяқтады. 

"Ақтөбе" — "Тобыл" (Қостанай) 4:1 (1:0)
Голдар: Соса, 24 — 1:0, Зелькович, 46 — 2:0, Досмағамбетов, 68 — 3:0, Жұмашев, 72 — 3:1
Ордец, 74 — 4:1.
Іске аспаған пенальти: Герра, 32 (қақпашы қайтарды)
Алаңнан қуылу: Мякиш, 39
Реклама
Реклама