ҚПЛ-да өнер көрсететін "Атырау" ФК жаңа трансферін ресми түрде жариялады. Команда қатарына нигериялық жартылай қорғаушы Марио Рабиу қосылды.
Клуб таратқан мәліметке сәйкес, 26 жастағы футболшы жаңа командасында 4-нөмірлі жейдені таңдаған.
Марио Рабиу кәсіби мансабын Италияның “Модена” клубында бастаған. Ол 2019 жылдың 21 қазанында Италияның С сериясы чемпионатында “Ферманаға” қарсы матчта дебют жасаған.
Кейін, 2023 жылғы 3 қаңтарда “Витербезе” клубымен келісімшартқа қол қойды. Одан соң мансабын Албанияда жалғастырып, “Скендербеу” намысын қорғады. Нигериялық футболшы 2023 жылдың 26 тамызында Албания чемпионатында “Эгнатияға” қарсы ойында алғаш рет алаңға шыққан.
Марио Рабиу Қазақстан чемпионатында да ойнап үлгерген. 2025 жылдың 21 ақпанында “Ақтөбеге” ауысып, Премьер-Лигада команда сапында 5 матч өткізген.
Айта кетейік, футболшының нарықтағы трансферлік бағасы 100 мың еуроға, яғни шамамен 57 миллион теңгеге бағаланып отыр.