Қазақстан құрамасы тарихи турнирді сенімді жеңіспен бастады
Футболдан Қазақстан құрамасы Намибиямен жолдастық форматтағы FIFA Series турнирінде кездесті.
Матч қалай өрбіді
Намибия құрамасы бірден қауіпті шабуыл ұйымдастырып, есеп ашуға жақын болды. Бірақ Бетуэль Музеудің соққысынан кейін алаң иелерін қақпа бағанасы құтқарып қалды.
Қазақстан құрамасы да қарымта шабуылдарға жиі шығып отырды. Бір эпизодта намибиялықтардың айып алаңына асырылған доптан кейін қорғаныста түсініспеушілік туындап, Ян Вороговский мүмкіндікті мүлт жібермеді. Ол төмен бағытталған дәл соққымен есеп ашты.
Қасым есепті еселеді
Екінші таймда Қазақстан қарқынын бәсеңдеткен жоқ. Алаңға тыңнан шыққан Айбол Әбікен айып алаңы шегінен соққы жасап, допты көлденең тіреуге тигізді. Қонақтар таразы басын теңестіруге тырысқанымен Қазақстан қорғанысы сауатты ойнады. Кездесудің 79-минутында бұрыштамадан көтерілген допқа бірінші жеткен Әлібек Қасым баспен гол соғып, есепті 2:0-ге жеткізді.
Қазақстан құрамасы FIFA Series турниріндегі келесі ойынын 31 наурызда өткізеді. Қарсылас — Комор аралдарының құрамасы.