Ұлттық құрама бапкері жас футболшылардың дебютіне баға берді

Сарапшы, спорт журналисі
25.03.2026, 21:27

Ұлттық құраманың бапкерлер штабы Намибияға қарсы өткен матчтан кейін жас ойыншыларға қатысты пікір білдірді. 

Instagram/@kff_team

Ахметов ойыншылардың дайындығы жайлы не деді?

Бас бапкердің көмекшісі Елдос Ахметоатың айтуынша, дәл қазір кімнің жақсы, кімнің әлсіз ойнағанын нақты айту әлі ерте. Себебі бапкерлер штабы алдағы уақытта әр футболшының қателіктерін жеке талдап, түзетуге тиіс тұстарын көрсетеді.

Ахметов кейбір ойыншылардың қазір бабында емес екенін де жасырмады. Оның сөзінше, бұған клубтардағы ойын уақытының аздығы әсер етіп отыр.

"Барлық жігіттер дайындалып жатыр. Қазір нақты кім жақсы, кім нашар ойнады деп айту ерте. Бапкерлер штабы әлі де жігіттерге түзету керек тұстарды көрсетеді. Кейбір футболшылар дәл қазір тонусын жоғалтып, ойын ырғағынан шығып қалған болуы мүмкін. Себебі олар өз клубтарында тұрақты түрде көп ойнап жүрген жоқ", — деді Елдос Ахметов.

Қақпашыны ауыстыру шешімі

Мамандар Намибиямен өткен кездесудің екінші таймында Мұхамеджан Сейсеннің алаңға шығуына да түсініктеме берді. Ахметовтің сөзінше, негізгі қақпашы Темірлан Анарбеков жарақат алмаған. Бұл — тек қақпашылар бапкерінің шешімі.

Оның айтуынша, FIFA Series турнирі жолдастық кездесулердің орнына ұйымдастырылып отыр. Сондықтан бапкерлер құрамы бірнеше ойыншыға мүмкіндік беруге тырысқан.

Елдос Ахметов ұлттық құрама сапында алғаш рет ойнаған Александр Мрынскийдің өнеріне арнайы тоқталды. Бапкер жас қорғаушының болашағынан зор үміт күтетінін айтты.

"Александр Мрынскийге келсек, мен ол жігіт үшін қатты қуаныштымын. Ол — болашақта ұлттық құраманың беткеұстар ойыншыларының біріне айналатын футболшылардың бірі. Жасына қарамастан, қазірдің өзінде жоғары деңгейде ойнап жүр. Ал сары қағаз алғаны — футболдағы қалыпты жағдай. Негізі Александр өте сирек ереже бұзады, бірақ сол сәтте сондай эпизод болды да, ескерту алды", — деді бапкер.

Еркін Тапалов пен Дамир Маратқа да мүмкіндік берілуі мүмкін

Ахметов наурыз айындағы екі матчқа байланысты бапкерлер штабы құрамдағы бірнеше ойыншыны кезекпен сынап жатқанын жеткізді. Осы себепті Намибиямен өткен ойында Исламбек Қуатқа уақыт берілген, ал келесі кездесуде негізгі құрамда Еркін Тапалов шығуы да ғажап емес.

Сондай-ақ ол жас жартылай қорғаушы Дамир Мараттың дебютіне оң баға берді.

Реклама
Реклама