Жаңа Зеландия Иранға қарсы ойынды Мексикада өткізуге дайын
2026 жылғы футболдан әлем чемпионатына геосаяси жағдай айтарлықтай әсер ете бастады. Жаңа Зеландия құрамасы Иранға қарсы алғашқы ойынды АҚШ аумағынан тыс жерде өткізуге дайын екенін мәлімдеді.
Жаңа Зеландия мен Иран құрамалары арасындағы топтық кезеңдегі алғашқы матч 15 маусым күні Лос-Анджелесте өтуі тиіс. Алайда Иран тарапы АҚШ аумағында ойын өткізуден бас тартуы мүмкін екенін ескертіп, бойкот жариялау ықтималдығын да жоққа шығармады.
Балама нұсқалар қарастырылуда
Жаңа Зеландия құрамасының футболшылары матчтың басқа елде өтуіне қарсы емес екенін айтты. Команда ойыншыларының бірі, нидерландық “ПЕК Зволле” клубының жартылай қорғаушы Райан Томас Иранның әлем чемпионатына іріктеуден әділ өткенін атап өтті. Оның сөзінше, матч Канада немесе Мексика аумағына ауыстырылса да, команда ойнауға дайын.
"Олар іріктеу турнирінің қатысушылары болуға лайық. Егер бізге Мексикада немесе Канадада ойнау керек болса, біз сол жерде ойнаймыз. Мен үшін бұл айтарлықтай үлкен мәселе емес".
Турнир барысында Жаңа Зеландия құрамасы Калифорния штатының Сан-Диего қаласында тұрақтайды. Қала Мексика шекарасына жақын орналасқандықтан, логистикалық тұрғыдан балама алаңдарға көшу мүмкіндігі қарастырылуы мүмкін. Мексика билігі де бұл жағдайға бей-жай қарамай отыр.
Ел президенті Клаудия Шейнбаум қажет болған жағдайда Иран қатысатын матчтарды өз аумағында өткізуге дайын екенін мәлімдеді. Дегенмен, матчтардың нақты қай жерде өтетіні туралы соңғы шешімді ФИФА қабылдайды. Футбол қауымдастығы қазіргі таңда жағдайға ресми түсініктеме беруден бас тартып отыр. ФИФА рұқсат берген жағдайда ойын Сан-Диегодан жарты сағаттық жердегі сыйымдылығы 27 мың адамға арналған "Калиенте" стадионында өтуі мүмкін.
Жаңа Зеландия құрамасы 2010 жылдан бері алғаш рет әлем чемпионатына қатысқалы отыр. Ойыншылар алдағы матчта қысым жоғары болатынын мойындайды және соған қарамастан, үлкен турнирде өз деңгейлерін көрсетуге ниетті. Еске сала кетсек, топтық кезең аясында Иран Лос-Анджелесте Бельгиямен және Сиэтлде Египетпен кездеседі.