"Қайрат" Санкт-Петербургке бір тәулікте әрең жетті
Қазақстан чемпионы "Қайрат" ФК Санкт-Петербургке жолдастық матч өткізу үшін аттанғанымен жолда күтпеген қиындыққа тап болды.
Ұшақ Санкт-Петербургке қона алмады
Ресейлік ақпарат көздерінің мәліметінше, Алматыдан шыққан рейс бейсенбіден жұмаға қараған түні Санкт-Петербургтегі Пулково әуежайына жетуі тиіс болған. Алайда Санкт-Петербург пен Ленинград облысы аумағында дрон шабуылы қаупі туындағандықтан әуе кемесі Мәскеуге қонуға мәжбүр болған.
Осы жағдайдан кейін алматылық клуб сапарын автобуспен жалғастырды. Сөйтіп команда Мәскеуден Санкт-Петербургке жерүсті көлігімен барған. Алматыдан шыққан сәттен бастап есептегенде жолға кеткен жалпы уақыт шамамен бір тәулікке созылған.
Клуб ақпаратты растады
Журналистер “Қайрат” клубының баспасөз қызметіне хабарласып, бұл мәліметтің рас-өтірігін нақтылаған. Клуб өкілдері тараған ақпараттың шындыққа сәйкес келетінін растады.
Еске салайық, алматылық клуб 28 наурыз күні Санкт-Петербургте Ресейдің “Зенит” командасына қарсы жолдастық матч өткізеді.