Осымен үшінші рет. Италия тағы да әлем чемпионатынан шет қалды
"Скуадра адзурра" 2026 жылғы мундиальға жолдама ала алмады.
Италия ұлттық құрамасы футболдан 2026 жылғы әлем чемпионатына қатыса алмайды. Бұл — төрт дүркін әлем чемпиондары үшін антирекорд.
Италия плей-оффта сүрінді
Әлем чемпионатына жолдама беретін шешуші кездесуде Италия құрамасы Босния және Герцеговинаға қарсы ойнады. Матчтың негізгі уақыты 1:1 есебімен аяқталды.
Алайда пенальти сериясында босниялықтар айқын басымдық танытып, 4:1 есебімен жеңіске жетті. Осылайша, Италия құрамасы іріктеу кезеңінен өте алмай қалды.
Тарихи сәтсіздік
Бұл нәтиже Италия үшін бұрын-соңды болмаған жағдай:
- Қатарынан үш әлем чемпионатына қатыса алмайды;
- Соңғы рет мундиальда 2014 жылы өнер көрсетті.
Айта кетейік, 2014 жылғы турнирде Италия құрамасы топтық кезеңнен аса алмаған еді. Ол кезде олардың қарсыластары Коста-Рика, Уругвай және Англия болған.
Италия құрамасының жетістігі
Италия — футбол тарихындағы ең табысты құрамалардың бірі саналады:
- 4 дүркін әлем чемпионы (1934, 1938, 1982, 2006)
Соған қарамастан, соңғы жылдары команда тұрақты нәтиже көрсете алмай келеді.
Айта кетейік, қазіргі таңда әлем чемпионы — Аргентина құрамасы. 2022 жылғы финалда аргентиналықтар Франциямен 3:3 есебімен тең ойнап, пенальти сериясында 4:2 есебімен жеңіске жетті.