Максим Самородов ең үздік голдың авторы атанды

Сарапшы, спорт журналисі
07.04.2026, 21:38

Қазақстан құрамасының және "Ахмат" ФК шабуылшысы Максим Самородов Ресей Премьер-лигасында наурыз айының үздік гол иесі деп танылды. 

Дмитрий Челяпин / Матч ТВ

Грозныйлық жанкүйерлердің дауыс беру қорытындысы бойынша Самородовтың “ЦСКА”  қақпасына соққан голы ең үздік деп танылды. Аталған матч РПЛ-дың 19-туры аясында өткен.

Қазақстандық футболшы негізгі құрамда шығып, ойынның 4-минутында бұрыштама добынан кейін есеп ашқан. Жанкүйерлердің 40 пайызы дәл осы голға дауыс берген.

Максим 2025/26 маусымда грозныйлық клуб құрамында жалпы 27 матч өткізіп, 4 гол соғып, 6 нәтижелі пас берді. Шабуылшы жаңа клубта тұрақты әрі сенімді ойын көрсетіп келеді. 23 тур қорытындысы бойынша “Ахмат” 30 ұпай жинап, турнирлік кестеде 9-орында тұр. Команда сапында Ғалымжан Кенжебек те ойнайды. 

Максим Самородов кәсіби мансабын 2019 жылы “Ақтөбе” клубында бастаған. 2024 жылы “Ахмат” клубымен төрт жылдық келісімшартқа қол қойды. Ал 2021 жылдан бері бес жыл бойы Қазақстан құрамасына шақырылып келеді, ұлттық команда сапында 30 матч өткізіп, ресми кездесулерде 5 гол соққан. Футболшының нарықтық құны Transfermarkt порталының дерегінше 2,5 млн еуро. 

Реклама
Реклама