ҚПЛ клубы қаржылық қиындыққа тап болды

Сарапшы, спорт журналисі
11.04.2026, 17:15

Ақтаудың "Каспий" клубында қаржылық қиындықтар күшейіп отыр.

instagram/@caspiy_fc

Жалақы мәселесі ушығып тұр

Клуб басшылығы футболшыларға қаңтар айындағы еңбекақының тек бір бөлігін төлеген. Ал негізгі команда қызметкерлеріне жыл басынан бері мүлде жалақы берілмеген, деп жазады Sports24.kz. 

Осының салдарынан клуб ішіндегі ахуал да күрделене түскен. Қаржылық қысымға шыдамаған кейбір қызметкерлер ұжымнан кетуге мәжбүр болған.

Инфрақұрылымдағы түйткілдер де әсер етуде

"Каспийдің" жағдайын тек қаржы мәселесі емес, инфрақұрылымдық қиындықтар да ушықтырып отыр. Ақтаудағы "Жас Қанат" стадионы дайын болмағандықтан команда өз алаңындағы матчтарын Қызылордада өткізуге мәжбүр.

Ал жаттығу процесі мүлде басқа қалада — Шымкенттегі БИІК базасында ұйымдастырылған. Матчқа бір күн қалғанда команда автобуспен Қызылордаға жолға шығады. Мұндай логистика футболшылардың дайындығына да, жалпы нәтижесіне де кері әсер етуі мүмкін.

Турнир кестесіндегі ахуал да мәз емес

Биыл Премьер-лигаға қайта оралған "Каспий" маусымды сәтсіз бастап отыр. Төрт тур қорытындысы бойынша команда үш рет жеңіліп, бір матчта тең түсті. Қазір ақтаулық ұжым турнирлік кестеде 15-орында тұр.

Соған қарамастан клуб маусымдағы алғашқы жеңісіне Қазақстан Кубогының 1/16 финалында жетті. "Каспий" Бірінші лига өкілі "Батыр" клубын жеңді.

"Каспий" келесі ойынын 12 сәуір күні сырт алаңда "Ақтөбеге" қарсы өткізеді.

Реклама
Реклама