Марадонаның өліміне қатысты сот процесі қайта басталды

Сарапшы, спорт журналисі
16.04.2026, 16:00

Бұған дейінгі алғашқы сот ісі жанжалмен аяқталып, оның шешімі жарамсыз деп танылған болатын. 

sportrbc.ru

Әлем футбол тарихындағы ең ықпалды тұлғалардың бірі Диего Марадона 2020 жылдың 25 қарашасында Буэнос-Айрес провинциясындағы үйінде емделіп жатқан кезінде созылмалы жүрек жетіспеушілігінен қайтыс болды. Бұл оқиға миына жасалған отадан кейін небәрі екі апта өткенде орын алған еді. Бұл туралы kursiv.media хабарлады. 

Бұған дейін үш айға созылған алғашқы сот процесі судья Хулиета Макинтачтың қызметінен шеттетілуіне байланысты тоқтатылды. Судьяға “деректі фильм түсіру үшін жақын адамдарына сот залында бейнежазба жасауға рұқсат берді” және “бейтараптылық танытпады” деген айып тағылды.

Кімдер айыпталып отыр

Жаңа сот отырысында 7 медициналық қызметкер жауапқа тартылып отыр. Олардың арасында: Нейрохирург Леопольдо Луке, психиатр Агустина Косачова, психолог Карлос Диас бар.

Оларға “салғырттық танытып, Марадонаның өліміне себепкер болды” деген айып тағылып отыр. Егер кінәлары дәлелденсе, медицина мамандары 8 жылдан 25 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Айыпталушылар өз кінәсін мойындамай, футболшының денсаулығында онсыз да көптеген мәселелер болғанын алға тартып отыр.

Сегізінші айыпталушы, медбике Дахиана Мадрид, істі алқабилер сотының қарауын талап еткендіктен, оның процесі бөлек өтеді.

Марадонаның отбасы мен адвокаттары бұл жолы әділдік орнап, кінәлілер тиісті жазасын алады деп үміттеніп отыр.

Реклама
Реклама