Бақтиер Зайнутдиновтың алаңға қашан оралатыны әзірге белгісіз

Сарапшы, спорт журналисі
20.04.2026, 21:54

Қазақстан құрамасының көшбасшыларының бірі, мәскеулік "Динамоның" жартылай қорғаушысы Бақтиер Зайнутдиновтың жарақатынан кейінгі қалпына келу мерзімі әлі нақты айтылған жоқ. 

instagram/@bateka_11

Оңалту кезеңінен өтіп жатыр

Мәскеулік клубтың бас директоры Павел Пивоваров қазақстандық футболшының қазіргі жағдайына қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, Бақтиер қазір жарақатынан кейінгі оңалту жұмыстарын жалғастырып жатыр.

"Зайнутдиновке келсек, қазір реабилитациядан өтіп жатыр. Жақын арада алаңға оралады деп үміттенеміз. Бірақ нақты мерзімді тек медициналық штаб айта алады", — деді Пивоваров.

Осылайша футболшының жасыл алаңға нақты қашан шығатыны әзірге белгісіз болып отыр.

Ұлттық құрама үшін маңызды ойыншы

Айта кетейік, Бақтиер Зайнутдинов 2025 жылдың қазан айынан бері "Динамо" сапында жарақатына байланысты алаңға шыға алмай жүр. Оның ұзақ уақыт қатардан тыс қалуы Қазақстан құрамасы мен клуб жанкүйерлерін алаңдатып отыр.

Тәжірибелі жартылай қорғаушы команда үшін де, ұлттық құрама үшін де маңызды ойыншылардың бірі саналады.

Қазақстандық футболшы мәскеулік клубқа 2025 жылдың шілде айында Түркияның "Бешікташтан" ауысып келген. Оның Ресей чемпионатындағы мансабы жанкүйерлер арасында үлкен қызығушылық тудырған еді.

Реклама
Реклама