Төрешілер дауы: Инвесторлар ҚФФ-ке хат жолдамақ
Футболдағы төрелік сапасы тағы да сынға ілікті.
Қазақстан футболында төрешілік мәселесі қайтадан күн тәртібіне шықты. Журналист әрі инсайдер Эльдар Аманбаевтың мәліметінше, бірқатар клуб инвесторлары ел чемпионатындағы төрешілік деңгейіне көңілі толмай, Қазақстан футбол федерациясына (ҚФФ) ресми хат жолдауға дайындалып жатыр.
"Инвесторлар төрешілік деңгейіне қанағаттанбай отыр. ҚФФ президентінің атына арнайы хат дайындалып жатыр. Онда төрелік сапасын жақсартуға бағытталған нақты ұсыныстар болуы мүмкін", – делінген ақпаратта.
Қандай өзгеріс ұсынылуы мүмкін?
Алдын ала мәлімет бойынша, хатта:
- төрешілердің кәсіби деңгейін арттыру;
- бақылау және бағалау жүйесін күшейту;
- халықаралық тәжірибені енгізу сияқты ұсыныстар қарастырылуы ықтимал.
Айта кетейік, 2025 жылғы 8 қыркүйекте Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ел футболын реформалау қажеттігін атап өтіп, клубтарды жекешелендіру процесін бастау туралы мәлімдеген болатын.
Бұл бастама спорт саласын бюджетке тәуелділіктен арылтып, жеке инвестиция тартуды көздейді. Осы тұрғыда инвесторлардың белсенді позициясы маңызды факторға айналып отыр.