Мбаппе "Реалдың" алдағы матчтарына қатыса алмайды
Мадридтік клубтың шабуыл шебіндегі басты жұлдыздарының бірі Килиан Мбаппе жарақат алды.
“Реал” Мбаппенің жарақатын растады
27 сәуір күні мадридтік клубтың баспасөз қызметі Килиан Мбаппенің медициналық тексерістен өткенін хабарлады. Нәтижесінде футболшының сол аяқ жартылай сіңірлі бұлшықетінің жарақаты анықталған.
“Клубтың медициналық қызметі жүргізген тексерістен кейін Килиан Мбаппеден сол аяқтың жартылай сіңірлі бұлшықет жарақаты анықталды”, — делінген “Реал” мәлімдемесінде.
Шабуылшы “Бетиске”қарсы ойынды аяқтай алмады
Мбаппе Испания чемпионатының 32-турында “Бетиске” қарсы кездесуде жарақат белгілерін сезген. Ол матчты толық өткізе алмай 81-минутта алаңнан алмастырылды.
Әзірге “Реал” футболшының нақты қашан қатарға қосылатынын жариялаған жоқ. Дегенмен кейбір ақпарат құралдарының мәліметінше, жарақаттың салдары ауыр болуы мүмкін және Мбаппе маусымның қалған бөлігін өткізіп алуы ықтимал.
Мбаппенің осы маусымдағы көрсеткіші
27 жастағы француз шабуылшысы бұл маусымда барлық турнирлерді қосқанда 41 матчқа қатысып, 41 гол соқты. Сонымен қатар ол әріптестеріне 6 нәтижелі пас берген.