"Қайрат" Рафаэль Оразбахтиннің болашағына қатысты мәлімдеме жасады
Алматылық клуб бас бапкер ауысуы туралы қауесеттерді жоққа шығарды.
Алматының "Қайрат" футбол клубы бас бапкердің ауысуы мүмкін деген ақпаратқа ресми түрде жауап берді.
Клуб басшылығы тараған ақпаратты жоққа шығарып, Рафаэль Оразбахтинге толық сенім білдіретінін мәлімдеді:
"Қайрат" футбол клубы ақпараттық кеңістікте тараған бас бапкердің ауысуы мүмкін екені туралы мәліметтердің шындыққа сәйкес келмейтінін хабарлайды", – делінген ресми хабарламада.
Айта кетейік, Оразбахтиннің "Қайратпен" келісімшарты 2027 жылдың соңына дейін жарамды. Қазіргі уақытта бапкерлік құрамда ешқандай өзгеріс жоспарланбаған.
Оразбахтиннің жетекшілігімен команда ішкі чемпионатта және халықаралық аренада жоғары нәтижелерге қол жеткізді.
Турнирлік жағдай
2026 жылғы Қазақстан Премьер-лигасының 7 турынан кейін "Қайрат" 15 ұпаймен турнир кестесінде көш бастап тұр. Қосымша көрсеткіштер бойынша "Ордабасыдан" алда.
Бүгін, 29 сәуірде алматылық клуб Қазақстан кубогының 1/8 финалы аясында сырт алаңда "Қайсарға" қарсы ойнайды.