"Манчестер Юнайтедтің" бас бапкері кім болады?
Егер клуб маусымды сәтті аяқтаса, Майкл Кэррик уақытша бапкер мәртебесінен толыққанды бас бапкер деңгейіне көтеріледі.
"Манчестер Юнайтед" Майкл Кэррикпен ұзақмерзімді келісімшарт жасасуды жоспарлап отыр. Бұл ақпарат клубтың Англия Премьер-лигасында үздік үштік қатарына ену күресі жүріп жатқан тұста пайда болды.
Журналист Николо Скираның мәліметінше, "Манчестер Юнайтед" басшылығы Кэррикке 2029 жылға дейін келісімшарт ұзартуды ұсынуға дайын.
"Манчестер Юнайтед" Майкл Кэррикке 2029 жылға дейін жаңа келісім ұсынуға дайын", — деп жазды Скира X әлеуметтік желісінде.
Кэррик команданы 2026 жылдың 13 қаңтарынан бері уақытша бас бапкер ретінде жаттықтырып келеді. 2025/2026 маусымындағы 36 матчтан кейін "Манчестер Юнайтед" 65 ұпай жинап, Англия Премьер-лигасының турнирлік кестесінде үшінші орында келеді.
Чемпионат көшін "Арсенал" бастап тұр. Лондондық клуб 36 ойыннан кейін 79 ұпай жинаған.
Клуб жазда құрамды күшейтуді көздеп отыр
Бұған дейін The Sun басылымы "Манчестер Юнайтед" келесі маусым алдында кемінде бес жаңа футболшы алуды жоспарлап отырғанын хабарлады. Дереккөз мәліметінше, клуб орталық жартылай қорғаныс шебін үш ойыншымен күшейткісі келеді. Сонымен қатар сол қапталдағы қорғаушы мен қосалқы шабуылшы іздестіріліп жатыр.
Манчестерлік клуб жаңа қақпашы нұсқасын да қарастырып отырғаны айтылды. Ол Сенне Ламменске бәсеке тудырып, қажет жағдайда оны алмастыра алатын ойыншы болуы тиіс.
Ақпаратқа сәйкес, клуб назарына бірнеше футболшы іліккен. Олардың қатарында Эллиот Андерсон, Сандро Тонали, Алекс Скотт, Адам Уортон және Карлос Балеба бар.