Футболдан әлем чемпионатының символикалық құрамасы жарияланды
Opta Sports сараптамалық порталы 2026 жылғы футболдан әлем чемпионатының үздік ойыншыларынан құралған символикалық құраманы таныстырды.
Үздік футболшылар Opta Index рейтингі бойынша таңдалды. Бұл жүйе ойыншылардың голы мен нәтижелі пасын ғана емес, дәл берілген пастарды, қорғаныстағы әрекеттерді, қауіпті шабуылдарды, доппен ілгерілеуді және басқа да маңызды статистикалық көрсеткіштерді есепке алады.
Осы себепті Франция құрамасының шабуылшысы Майкл Олисе мен Кабо-Верде қақпашысы Возинья секілді футболшылар үздіктер тізіміне кірмей қалды. Олардың жалпы индексі өз позицияларындағы басқа үміткерлерден төмен болған.
Қақпашы
- Грегор Кобель — Швейцария
Швейцария құрамасының қақпашысы турнирде алдын алған голдар көрсеткіші бойынша үздік нәтиже көрсетті. Кобель өз командасын шамамен 3,3 голдан құтқарып қалған.
Қорғаушылар
- Педро Порро — Испания
Испания құрамасының оң қаптал қорғаушысы әлем чемпионатында екі гол соқты. Сондай-ақ ойын барысындағы әуеден асырылған пастар саны бойынша көш бастады — 24 кросс.
- Пау Кубарси — Испания
Жас қорғаушы турнир бойы бірде-бір минутты жіберген жоқ. Кубарси қорғаушылар арасында дәл пастар саны бойынша үздік атанды – 671 пас.
- Лисандро Мартинес — Аргентина
Аргентина құрамасының қорғаушысы өз командасындағы дәл пастар саны бойынша алдыңғы қатардан көрінді. Сонымен бірге ол әлем чемпионатында бір нәтижелі әрекетімен ерекшеленді.
- Марк Кукурелья — Испания
Кукурелья қаптал қорғаушылары арасында 382 дәл пас орындады. Ол қарсылас алаңының соңғы үштен бір бөлігіне бағытталған дәл пастар бойынша да үздік нәтиже көрсетті – 142 пас.
Жартылай қорғаушылар
- Родри — Испания
Испания құрамасының көшбасшысы бір әлем чемпионатында дәл пас беру бойынша жаңа рекорд орнатты. Родри турнирде 756 дәл пас орындады.
Ол сонымен қатар қарсылас шептерінің арасын кесіп өткен пастар саны бойынша – 122, доппен алға жылжу көрсеткіші бойынша – 164 әрекетпен үздік атанды.
- Джуд Беллингем — Англия
Англия құрамасының жартылай қорғаушысы әлем чемпионатында жеті гол соқты. Беллингем жасаған соққыларының 37 пайызын голға айналдырып, жоғары тиімділік көрсетті.
- Леандро Троссард — Бельгия
Бельгиялық футболшы турнирде екі гол соғып, екі нәтижелі пас берді. Троссард ойын барысынан серіктестеріне 17 голдық мүмкіндік жасап, осы көрсеткіш бойынша үздік атанды.
Шабуылшылар
- Лионель Месси — Аргентина
Аргентина құрамасының капитаны сегіз гол соғып, турнирдің екінші үздік сұрмергені атанды. Сонымен бірге Месси серіктестеріне соққы жасауға мүмкіндік берген пастар саны бойынша көш бастады – 25 пас.
- Килиан Мбаппе — Франция
Франция құрамасының шабуылшысы 10 голмен 2026 жылғы әлем чемпионатының үздік сұрмергені атанды.
Сонымен қатар Мбаппе әлем чемпионаттарындағы жалпы гол санын 22-ге жеткізіп, мундиаль тарихындағы ең нәтижелі футболшы атанды.
- Эрлинг Холанд — Норвегия
Норвегия құрамасының форварды жеті гол соқты. Бір қызығы, Холанд бүкіл турнир барысында допқа небәрі 120 рет жанасқан. Бұл оның голдық мүмкіндіктерді өте тиімді пайдаланғанын көрсетеді.
2026 жылғы футболдан әлем чемпионаты АҚШ, Канада және Мексикада 11 маусым мен 19 шілде аралығында өтті.