ҚПЛ ойыншылары мен клубтары жауапқа тартылды
2026 жылғы 22 шілдеде Қазақстан футбол федерациясының Бақылау, тәртіптік және этика комитетінің отырысы өтті.
Премьер-Лига, 18-тур
"Алтай" — "Ақтөбе"
Премьер-Лига чемпионатының 2026 жылғы 18-турындағы "Алтай" — "Ақтөбе" кездесуінде команда тәртібінің бұзылуы — 5 (бес) ойыншыға ескерту жасалуы себепті, ТК-ның 48-бабының 1) тармақшасына сәйкес, "Ақтөбе" ФК-ға 100 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды. Айыппұлды 2026 жылғы 22 тамызға дейін төлеу қажет.
"Қайсар" — "Каспий"
Премьер-Лига чемпионатының 18-турындағы "Қайсар" — "Каспий" кездесуінде команда тәртібінің бұзылуы — 5 (бес) ойыншыға ескерту жасалуы және 1 (бір) ойыншының алаңнан шығарылуы себепті, ТК-ның 48-бабының 1) тармақшасына сәйкес, "Каспий" ФК-ға 100 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды. Айыппұлды 2026 жылғы 22 тамызға дейін төлеу қажет.
Осы кездесуде клуб жанкүйерлерінің тиісінше емес мінез-құлқы — қарсылас команда бағытына бөтелкелер лақтыруы себепті, ТК-ның 64-бабының 1-тармағына сәйкес, "Қайсар" ФК-ға айыппұл салынды. Айыппұлды 2026 жылғы 22 тамызға дейін төлеу қажет.
"Оқжетпес" — "Жетісу"
Екі команданың алаңға кеш шығуы салдарынан екінші таймның басталуы 3 минутқа кешіктірілгені үшін, ТК-ның 63-бабының 1-тармағына сәйкес, "Оқжетпес" пен "Жетісу" ФК-ларының әрқайсысына 60 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды. Айыппұлды 2026 жылғы 22 тамызға дейін төлеу қажет.
Чемпионат регламентінің талаптарын тиісінше сақтамай ұйымдастыру, атап айтқанда өрт сөндіру көлігінің болмауы себепті, ТК-ның 67-бабына сәйкес, "Оқжетпес" ФК-ға ескерту жарияланды.
Ойында доп ойнау мүмкіндігі бар жағдайда шамадан тыс күш қолданып дөрекі ойнағаны үшін, ТК-ның 44-бабы 1-тармағының 2) тармақшасына сәйкес, "Жетісу" командасының ойыншысы Марко Живанович 2 (екі) матчға дисквалификацияланды. Дисквалификация мерзімі 2026 жылғы 19 шілдеден бастап есептеледі.
Қазақстан Кубогы, 1/2 финал
"Ордабасы" — "Алтай"
2026 жылғы маусымдағы Қазақстан Республикасы футбол Кубогының 1/2 финал кездесуінде ("Ордабасы" — "Алтай") матч ресми тұлғаларына қатысты боқтық сөздер қолдану түрінде көрінген спортшылыққа жат мінез-құлқы үшін, ТК-ның 45-бабына сәйкес, "Алтай" командасының ойыншысы Аликбар Әбілхайыр 4 (төрт) матчға дисквалификацияланды. Дисквалификация мерзімі 2026 жылғы 16 шілдеден бастап есептеледі.