Әлем чемпионаты сатылымға шыға ма? ФИФА жоспары футбол әлемін дүрліктірді

Спорт шолушысы
Бүгін, 17:05

ФИФА әлем чемпионаты мен басқа да турнирлердің коммерциялық құқықтарының бір бөлігін жеке инвесторларға ұсынбақ. Бұл бастама футбол ұйымдары мен Еуропалық комиссия тарапынан сынға ұшырады.

Mark J Rebilas/Reuters

Жоспарға сәйкес, ФИФА жаңа компаниядағы бақылау пакетін сақтап қалады, ал сыртқы инвесторларға 20 пайызға дейінгі үлесті ұсыну арқылы шамамен 4,2 миллиард доллар тартуды көздейді. Ұйымның мәліметінше, FIFA Forward Enterprise (FFE) деп аталатын еншілес құрылымның құны шамамен 20 миллиард АҚШ долларына бағаланған. Бұл бастама жүзеге асуы үшін ФИФА-ға мүше 211 ұлттық қауымдастықтың мақұлдауынан өтуі керек.

Инвесторлар қатарында кім болуы мүмкін?

Әлеуетті инвесторлар тобын АҚШ кәсіпкері Джошуа Кушнер негізін қалаған компания басқаруы мүмкін. Ол АҚШ президенті Дональд Трамптың күйеу баласы Джаред Кушнердің інісі. Ұйым президенті Джанни Инфантино коммерциялық табыстан түсетін таза кіріс толығымен футболдың дамуына қайта инвестицияланатынын атап өтті.

“Футбол сатылатын актив емес”

ФИФА бастамасы УЕФА наразылығын тудырды. УЕФА мәлімдемесінде футболдың құндылықтары мен басқару жүйесі коммерциялық сауда нысаны болмауы керек екені айтылды.

“Футболдың жаны мен оны басқару жүйесі айырбасқа түсетін актив емес. Әлем чемпионаты – ешкім сататын өнім емес”, – делінген ұйым хабарламасында.

Бұл бастамаға Еуропалық комиссия да назар аударды. Еурокомиссияның спорт жөніндегі комиссары Гленн Микаллеф футболды шамадан тыс коммерцияландыруға алаңдайтынын жеткізді. Ол әлеуметтік желідегі жазбасында:

“Бұл бейсбол емес. Әлем чемпионаты – әлемдегі ең ірі спорттық турнир. Коммерциялық жетістік футболды басып алмай, керісінше дамытуы тиіс”, – деп жазды.

Сонымен қатар Еурокомиссия экономикалық салдары бар спорттық шешімдер Еуропалық одақ заңдары аясында қарастырылуы мүмкін екенін мәлімдеді.

Реклама
Реклама