"Ақтөбе" "Ливерпульдің" бұрынғы бапкеріне берешек
Ауттан доп лақтыру бойынша танымал маман Томас Гроннемарк "Ақтөбе" ФК өз қызметі үшін әлі күнге дейін ақы төлемегенін мәлімдеді.
Гроннемарк "Ақтөбеге" қатысты жағдайды түсіндірді
Бұған дейін "Ливерпуль", дортмундтық "Боруссия", "Аякс" және "Арсенал" секілді клубтармен жұмыс істеген Томас Гроннемарк ақпан айында "Ақтөбенің" Түркиядағы оқу-жаттығу жиынына қатысқан.
Маманның айтуынша, клуб оның көрсеткен қызметі үшін тиісті төлемді әлі аудармаған. Бұл туралы ASnews.kz жазады.
"Өкінішке қарай, клуб маған әлі ақша төлеген жоқ", — деді Гроннемарк.
50 жастағы даниялық маман өзін ауттан доп лақтыру тактикасына маманданған тәуелсіз бапкер ретінде таныстырды. Оның сөзінше, кәсіби мансабында әртүрлі командалардың халықаралық деңгейде 18 жүлде жеңіп алуына үлес қосқан.
"Ливерпульмен" бес жыл жұмыс істеді
Даниялық бапкер бір маусымда орта есеппен алты-сегіз клубпен әріптестік орнататынын айтты.
Ол Юрген Клопп басқарған "Ливерпульде" бес жыл еңбек етіп, осы кезеңде ағылшын клубы жеті трофей иеленген. Сондай-ақ маман дортмундтық "Боруссия", "Аякс" және өткен маусымда лондондық "Арсеналмен" жұмыс істеген.
Гроннемарктің айтуынша, "Ақтөбенің" жаттықтырушылар штабы Түркиядағы жиын барысында оның жұмысына жоғары баға берген. Ал клуб басшылығы маманның есімін жаңа футболшыларды тарту кезінде пайдаланған.
"Ақтөбеге" стандартты жағдайлар бойынша маман табуға көмектесті
Томас Гроннемарк қазақстандық клубқа стандартты жағдайлар бойынша жаттықтырушы іздеуге де жәрдемдескенін мәлімдеді.
Оның сөзінше, келіссөз жүргізілген мамандардың бірі әлемдегі ең үздіктердің қатарында болған. Бірақ ол ұлттық құрамамен бірге әлем чемпионатына баруға тиіс болғандықтан "Ақтөбеге" қосыла алмаған.
Гроннемарк келісімшарттың бар екенін айтты
Даниялық бапкердің мәлімдеуінше, оның қолында "Ақтөбемен" екі тарап та қол қойған ресми келісімшарт бар.
"Түркиядағы оқу-жаттығу жиынында жұмыс істеу жөніндегі екіжақты келісімшарт қолымда. Оның үстіне клубқа әдеттегі бағамнан әлдеқайда төмен талап ұсындым. 22 жылдық мансабымда қызметім үшін ақы төлемеген клубты алғаш рет кездестіріп отырмын", — деді маман.
Гроннемарктің сөзінше, бастапқыда "Ақтөбе"өкілдері тараптар арасында келісім болмағанын айтқан. Осыдан кейін бапкер келісімшартты клубқа қайта жіберген.
Кейін "Ақтөбе" басшылығы Гроннемаркке клуб заңгерімен байланысу керектігін хабарлаған.
Заңгер де келісімшартты қайта жіберуді сұраған. Алайда құжатты алғаннан кейін ол клубта енді жұмыс істемейтінін мәлімдеген. Содан бері "Ақтөбе" өкілдері даниялық маманның хабарламаларына жауап бермеген.
"Бұл кәсібилікке жатпайтын әрекет. Әсіресе командаға айтарлықтай көмектескенімді ескерсек, мұндай қарым-қатынас қатты көңілімді қалдырды", — деді Гроннемарк.
"Ақтөбенің" қарызы қанша болуы мүмкін?
Томас Гроннемарк "Ақтөбенің" жаттығу процесіне бір аптадан астам уақыт қатысқан.
Ресми түрде расталмаған ақпарат бойынша қазақстандық клуб даниялық маманға шамамен бес мың доллар төлеуге міндетті.
Әзірге "Ақтөбе" ФК Томас Гроннемарктің мәлімдемесіне қатысты ресми түсініктеме берген жоқ.