"Ақтөбе" "Ливерпульдің" бұрынғы вингерін қатарға қосты
29 жастағы футболшы қазақстандық клубқа еркін агент ретінде ауысты.
"Ақтөбе" жаңа трансферін ресми түрде жариялады. Командаға Англияның "Ливерпуль" академиясынан шыққан және мерсисайдтық клубтың негізгі құрамында ойнаған Шейи Оджо қосылды.
29 жастағы ағылшын вингері "қызыл-ақтардың" қатарына еркін агент мәртебесінде қосылды. Әзірге келісімнің нақты мерзімі жарияланған жоқ.
"Ливерпуль" академиясының түлегі
Шейи Оджо — "Ливерпуль" академиясының түлегі. Ол мансабының алғашқы кезеңінде мерсисайдтық клуб жүйесінде өсіп, кейін негізгі команда сапында да матчтарға қатысқан.
Оджо мансабында бірнеше еуропалық клубтың намысын қорғады. Англияда "Уиган", "Вулверхэмптон", "Фулхэм", "Кардифф" және "Миллуолл" сапында өнер көрсетті. Сондай-ақ француздық "Реймс", шотландиялық "Рейнджерс", бельгиялық "Кортрейк" және словениялық "Марибор" клубтарында ойнаған.
Оджо клубтық деңгейден бөлек, Англияның жасөспірімдер және жастар құрамаларына тұрақты түрде шақырылды.
2017 жылы ол Англия U-20 құрамасы сапында әлем чемпионы атанды. Бұл оның мансабындағы маңызды жетістіктердің бірі саналады.