Дастан Сәтпаевтың "Челсиі" ірі есеппен жеңіске жетті
Лондондық клуб маусым алдындағы жолдастық кездесуде "Миланды" сенімді түрде жеңді.
“Челси” жауапсыз үш гол соқты
Матч Индонезия астанасы Джакартадағы GBK Madya Stadium аренасында өтті. Кездесудің алғашқы бөлігінде екі команда да бір-біріне айтарлықтай басымдық бере қойған жоқ. Бірақ үзіліске санаулы минут қалғанда лондондықтар есеп ашты. Бұрыштамадан әуелете асырылған допқа Жоао Педро бірінші жетіп, баспен дәл соққы жасады.
Екінші тайм бастала салысымен “Челси” шабуылын үдете түсті. 46-минутта Педру Нету қапталдан айып алаңына доп асырды. Жоао Педро мүмкіндікті мүлт жібермей, бір жанасумен есепті 2:0-ге жеткізді. Осылайша бразилиялық форвард дубль рәсімдеді.
Арада небәрі бес минут өткенде “Милан” қақпасына үшінші доп кірді. 51-минутта кезекті бұрыштамадан кейін доп Мойзес Кайседоға жетті. Эквадорлық жартылай қорғаушы айып алаңы сыртынан бірден соққы жасап, италиялық клуб қақпашысын қапы қалдырды.
Дастан Сәтпаев алаңға шыққан жоқ
Қазақстан құрамасының шабуылшысы Дастан Сәтпаев “Челсидің” қосалқы құрамында болды. Дегенмен футболшыға бұл кездесуде алаңға шығуға мүмкіндік берілген жоқ.
Қорытындысында “Челси” “Миланнан” 3:0 есебімен басым түсті.