Дастан Сәтпаев Англия чемпионатының матчында үздік ойыншы атанды
Қазақстандық шабуылшы Чемпионшиптың төртінші турында "Бернли" – "Мидлсбро" кездесуінің үздік футболшысы деп танылды.
Сәтпаев жанкүйерлердің қошеметіне бөленді
"Терф Мур" стадионындағы матч 1:1 есебімен аяқталды. Сәтпаев "Бернлидің" негізгі құрамында 80 минут ойнады. Футболшы алмастырылған сәтте жанкүйерлер оны зор қошеметпен шығарып салды.
Кездесу аяқталғаннан кейін ұйымдастырушылар 18 жастағы шабуылшыға матчтың үздік ойыншысына арналған арнайы жүлдені табыстады.
"Бернли" сапындағы төртінші кездесу
Бұл Дастан Сәтпаевтың ағылшын клубы құрамындағы төртінші матчы болды. Ол осы кездесулердің үшеуін негізгі құрамда бастады. Жас қазақстандық әзірге гол соғып немесе нәтижелі пас беріп үлгермегенімен, "Мидлсброға" қарсы ойындағы белсенділігі жоғары бағаланды.
"Бернли" Чемпионшиптің төрт турынан кейін турнир кестесінде екі ұпаймен 23-орында тұр. Команда жаңа маусымдағы алғашқы жеңісіне әлі жете алмады.
"Бернли" келесі кездесуін 5 қыркүйекте "Бристоль Ситиге" қарсы өткізеді.
Уэйн Руниге теңеді
"Бернли" жанкүйерлерінің бірі Дастанға қатысты "Кішкентай Агуэро" деген теңеумен келіспей, оны Англия құрамасы мен "Манчестер Юнайтедтің" аңыз ойыншысы Уэйн Руниге ұқсатты:
"Қандай "Кішкентай Агуэро"? Бұл – Руни! Ол алаңның барлық жерінде жүр!"
Өзге пікірлерде қазақстандық шабуылшының батылдығы мен қарсыластардан оңай өтіп кететін қабілеті жоғары бағаланды:
"Ол "Бернлидің" шабуылында өте қауіпті көрінеді".
"Сәтпаев қарсыластары жоқтай олардың жанынан зулап өтіп кетеді. Бұл таңғаларлық".
"Ол керемет футболшы! Ойынынан тәжірибесіздік мүлде байқалмайды. Жасына қарап мұндай деңгей күтпейсің".