Жарнама
Жарнама

Дастан Сәтпаевтың командасы жеңілістен құтылды

Қазақстандық шабуылшы өнер көрсететін "Бернли" Чемпионшиптың төртінші турында өз алаңында "Мидлсбромен" тең түсті.

Дастан Сәтпаевтың командасы жеңілістен құтылды
instagram/@cfcfanpage

"Бернли" екінші таймда есепті теңестірді

"Терф Мур" стадионында өткен кездесу 1:1 есебімен аяқталды. Матчтың 23-минутында Эйден Моррис гол соғып, "Мидлсброны" алға шығарды. Алаң иелері үзілістен кейін қарқынын арттырып, 54-минутта Юго Рагубердың нәтижелі соққысының арқасында таразы басын теңестірді.

Дастан Сәтпаев "Бернлидің" негізгі құрамында алаңға шығып, 80-минутта алмастырылды.

Сәтпаевтың "Мидлсброға" қарсы статистикасы

Flashscore мәліметінше, қазақстандық футболшы алаңда болған уақыт ішінде қарсылас қақпасына екі соққы бағыттады. Оның екеуі де қақпа нысанасына дәл барған.

Негізгі көрсеткіштері:

  • Қақпаға бағытталған соққы – 2;
  • Дәл соққы – 2;
  • Күтілетін гол көрсеткіші (xG) – 0,16;
  • Қақпаға дәл тиген соққылардың xG көрсеткіші – 0,68;
  • Қарсылас айып алаңындағы допқа жанасу – 3;
  • Кілттік пас – 1;
  • Күтілетін нәтижелі пас (xA) – 0,04;
  • Дәл пас – 17/18 (94 пайыз);
  • Алаңның соңғы үштен бір бөлігіне дәл пас – 6/7 (86 пайыз);
  • Жеңген жекпе-жек – 3/4;
  • Допты сәтті тартып алу – 1;
  • Өзіне жасалған ереже бұзушылық – 1.

Сонымен қатар қазақстандық шабуылшы бір рет қарсыласын алдап өтуге талпынғанымен әрекеті сәтсіз аяқталды.

"Бернли" әлі жеңген жоқ

Осы тең нәтижеден кейін "Бернлидің" еншісінде екі ұпай болды. Ал "Мидлсбро" жеті ұпай жинады. Дастан Сәтпаевтың командасы Чемпионшиптің жаңа маусымында әзірге жеңіске жеткен жоқ: екі рет тең түсіп, екі кездесуде жеңілді.

18 жастағы қазақстандық футболшы "Бернли" сапында төрт матч өткізді. Оның үшеуі Чемпионшипте, біреуі Англия лигасының кубогында өтті. Әзірге Сәтпаев гол соғып немесе нәтижелі пас беріп үлгерген жоқ.

Айта кетейік, бұл Дастан Сәтпаевтың "Бернлидің" негізгі құрамында қатарынан үшінші рет алаңға шығуы.

Жарнама
Жарнама