"Шахтер" Бірінші лиганың рекордын жаңартты
Қарағандылық "Шахтер" ФК Бірінші лигадағы жеңісті жорығын жалғастырып, турнир тарихындағы жаңа рекордтың авторы атанды.
"Хан-Тәңірін" ірі есеппен жеңді
Қарағандылық команда Бірінші лиганың 21-турында Алматының "Хан-Тәңірі" клубын қабылдап, 4:0 есебімен басым түсті.
Кездесуде Диас Қалыбаев пен Артем Литош ерекше көзге түсті. Қос футболшы да қарсылас қақпаға дубль жасады.
Бұл нәтиже "Шахтердың" чемпионаттағы қатарынан 14-жеңісі болды. Осылайша "кеншілер" Бірінші лигадағы ең ұзақ жеңісті серия бойынша жаңа рекорд орнатты.
Бұған дейінгі үздік көрсеткіш "Қайрат-Жастар" мен "Елімай" командаларына тиесілі болған.
Лигада "Шахтердың" еншісінде 58 ұпай болса, "Хан-Тәңірі" 24 ұпаймен оныншы сатыда орналасқан
ҚПЛ жолдамасын мерзімінен бұрын алды
Қарағандылық клуб маусымдағы басты міндетін орындап үлгерді. Турнир аяқталмай жатып Қазақстан Премьер-лигасына жолдама алып, келесі маусымда элиталық дивизионда ойнау құқығына ие болды.
Чемпионат көшбасшысы келесі турда Оралда "Жайықпен" кездеседі. Ал "Хан-Тәңірі" Таразға қонаққа барады.