Дастан Сәтпаев "Бернлидегі" үздік матчының әсерлі суреттерін жариялады
Қазақстан құрамасы мен ағылшындық "Бернли" клубының шабуылшысы әлеуметтік желіде Чемпионшиптегі сәтті ойынынан фотолар жариялады.
"Мидлсброға" қарсы ойында үздік атанды
18 жастағы футболшы Instagram парақшасындағы сториске "Мидлсброға" қарсы өткен кездесудің бірнеше кадрын жүктеді. Суреттерде Сәтпаевтың матч алдындағы дайындығы мен алаңдағы ойын сәттері бейнеленген.

Бұл кездесу жас шабуылшының "Бернли" сапындағы ең жарқын ойындарының біріне айналды. Ұйымдастырушылар Дастанды матчтың үздік футболшысы (MVP) деп таныды.
Сәтпаевтың матчтағы статистикасы
"Бернли" Чемпионшиптың төртінші турында өз алаңында "Мидлсбромен" 1:1 есебімен тең түсті. Негізгі құрамда алаңға шыққан Сәтпаев 81 минут ойнады.
Қазақстандық шабуылшының көрсеткіштері:
- допқа 31 рет жанасты;
- қақпаға дәл екі соққы жасады;
- өзіне қарсы бір ереже бұзуға себеп болды;
- 18 пастың 17-сін дәл жеткізді;
- пас дәлдігі 94 пайыз болды.
Сәтпаевтың белсенділігі мен доппен сенімді әрекеті "Терф Мур" стадионына жиналған жанкүйерлердің көңілінен шықты. 81-минутта алаңнан кеткен қазақстандық футболшыны трибунадағы көрермендер зор қошеметпен шығарып салды.