Дастан Сәтпаев "Челсиге" оралады
Қазақстан құрамасының 18 жастағы шабуылшысы Дастан Сәтпаев жарақатынан айығу кезеңінде "Бернлиден" лондондық клубқа уақытша оралады.
Бірнеше апта ойнамауы мүмкін
Talk BFC мәліметінше, қазақстандық футболшы "Мидлсброға" қарсы матчта аяғын жарақаттап алған. Ауыстыру кезінде Сәтпаевтың аяғын ұстап, алаңнан кеткені байқалды.
"Матчтың үздік ойыншысы жарақат алды. Дастан Сәтпаев "Мидлсбромен" кездесуде алған жарақатына байланысты бірнеше апта ойнай алмауы мүмкін.
Футболшы оңалту кезеңінде "Челсиге" оралады. Толық қалпына келгеннен кейін қайтадан Англияның солтүстігіне аттанады", — деп жазды дереккөз.
Осылайша Сәтпаев жарақатын "Челсидің" медициналық мамандарының бақылауымен емдеп, кейін "Бернли" сапына қайта қосылмақ.
"Мидлсброға" қарсы матчтың үздігі атанды
2 қыркүйекте "Бернли" Англия Чемпионшипінің төртінші турында өз алаңында "Мидлсбромен" кездесті. Ойын 1:1 есебімен аяқталды.
Негізгі құрамда шыққан Дастан Сәтпаев белсенді ойынымен көзге түсіп, матчтың үздік футболшысы атанды. Дегенмен аяғындағы ауырсынуға байланысты 81-минутта бапкерлерден өзін ауыстыруды сұрауға мәжбүр болды.
Кейін "Бернли" өкілдері қазақстандық шабуылшының жарақатына байланысты бірнеше апта бойы командаға көмектесе алмайтынын хабарлады.