Жарнама
Жарнама
Рейстер тоқтатылды: Қазақстан Фарер аралдарына жете алмай қалуы ықтимал
Instagram/@kff_team

Рейстер тоқтатылды: Қазақстан Фарер аралдарына жете алмай қалуы ықтимал

Футболдан Қазақстан құрамасының УЕФА Ұлттар лигасы-2026/27 турниріндегі алғашқы ойынына дайындығына ауа райының құбылуы кедергі келтіруі мүмкін. 

Ауа райының құбылуы рейстерді тоқтатты

Фарерлік спорт журналисі Трондур Аргенің мәліметінше, Қазақстан құрамасы сенбіде өтетін кездесудің алдында Фарер аралдарына бейсенбі күні кешке келуге тиіс болған. Бірақ Вагар әуежайына бағытталған қалған рейстердің барлығы, соның ішінде Atlantic Airways әуе компаниясының ұшақтары да тоқтатылған.

Бұған екпінді жел, нөсер жаңбыр және архипелагтағы жалғыз әуежайда қалыптасқан күрделі жағдай себеп болып отыр.

"Вагар Қазақстан құрамасының алғашқы қарсыласына айналды. Команда бүгін кешке келуі керек еді, бірақ ауа райына байланысты барлық рейс тоқтатылды. Ертеңгі болжам біршама жақсы болғанымен жағдай әлі де оңай болмайды", — деп жазды Трондур Арге.

Қазақстан матчқа 24 сағат қалғанда жетуі мүмкін

Ұлттық құрама Фарер аралдарына чартерлік рейспен ұшуды жоспарлаған. Егер қазақстандық делегация жұма күні кешке дейін Вагар әуежайына қона алмаса, команда алаң иелеріне қарсы кездесуді аралға келгеннен кейін 24 сағат өтпей жатып өткізуге мәжбүр болады.

Мұндай жағдайда футболшылардың ұзақ сапардан кейін толыққанды демалып, матч өтетін стадионда жаттығу өткізуіне уақыт жетпеуі мүмкін.

УЕФА Ұлттар лигасының С лигасындағы үшінші топтың алғашқы турында Қазақстан құрамасы Фарер аралдарымен кездеседі.

Бұл топта Қазақстан мен Фарер аралдарынан бөлек, Словакия және Молдова құрамалары да өнер көрсетеді.

Жарнама
Жарнама