ФК "Каспий" ойыншыларына миллиондаған теңге қарыз

Редактор Penalty.kz
01.10.2024, 14:55

Осыған байланысты клубтың бұрынғы ойыншылар мен қызметкерлері сотқа арызданған. 

Lada.kz

"ФК "Каспий" мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны үстінен сотқа талап арыздар түсті. Клубтың бұрынғы ойыншылары мен қызметкерлеры жалақыларын төлеуді талап етіп отыр.

Бұған дейін "Каспий" дәл осы іс бойынша екі мәрте жеңілген. Ақтау қалалық № 2 сотының футзалшы Талғат Өтепбергеновке, баспасөз хатшысы Шыңғыс Амангелдинге және футзал орталығының бұрынғы басшысы Жақсылық Әлішбаевқа жалақы төлеуді міндеттегеніне қарамастан, клуб бұл үкімге келіспеушілігін білдіріп, шағым түсірген болатын. 

Десе де, Маңғыстау облыстық соты бірінші инстанция сотының үкімін күшінде қалдырған. 

Жалпы "ФК "Каспий" МКК-ның жалақы төлемеуіне қатысты алғашқы арыз-шағым емес. 2023 жылы бірден 13 футзал командасының ойыншысы аталған мәселе бойынша сотқа жүгінген.

Футзалшылар сотқа дейін клубпен келісімге келуге тырысып, қарызын өтеу туралы хат жіберген. Алайда "ФК "Каспий" МКК 2022 жылға футзалшылардың қызметіне ақы төлеуге қаражат қарастырылмағанын алға тартқан. Осыған байланысты спортшылар сотқа жүгінуге мәжбүр қалған.