Бразилия футболы құлдырау алдында тұр

Редактор Penalty.kz
24.10.2024, 17:49

Sports.kz сайты келтірген ақпар бойынша, бәріне букмекерлерге енгізілген шектеу мен миллиондаған қарыз себеп. 

m.sport-express.ru

Бразилия футболы дағдарыс алдында тұр. Жергілікті чемпионат соңғы кездері үлкен қаржылық қиындықтарға тап болуда. Қарыздардың өсуі және букмекерлерге қатысты жаңа шектеулер көптеген клубтарды дағдарысқа ұшыратуы мүмкін.

Жақында ғана букмекерлер Бразилиядағы клубтардың негізгі қаржылық демеушілері болды. Яғни 2018 жылдан бастап елде спорттық ставкалар ресми түрде рұқсат етілгеннен кейін, А сериясындағы 20 команданың 19-ы ірі букмекерлік операторлармен демеушілік келісімдерге қол қойған болатын. Бүгінде букмекерлердің салаға салған қаржысы шамамен 100 миллион долларды құрайды. Бұл ақша клубтарға жұлдызды ойыншыларды сақтап қалуға және құрамды күшейтуге көмектесті. Мемфис Депай соның айқын мысалы. «Коринтианс» клубы ойыншыны өз сапына қосу кезінде Депайдың трансферіне қажетті қаржының 80%-ын букмекерлер берген.

Бірақ 2023 жылдың желтоқсанында жағдай күрт өзгерді. Үкімет спорттық ставкалар нарығын реттеу туралы шешім қабылдап, букмекерлік компанияларға 2024 жылдың 30 қыркүйегіне дейін лицензия алуға өтінім беруді талап етті. Сөйтіп қазан айында лицензияланбаған 2000-нан астам сайт бұғатталды. Құжатын тапсырған кейбір операторлар әлі лицензияларын ала алмай жатыр. Егер бұл процесс уақытылы аяқталмаса, көптеген клуб қаржылық қиындыққа тап болады.

Үкіметтің букмекерлерге қатысты шектеу енгізуінің себебі — шектен шыққан шағымдар. Legitimuz мәліметі бойынша, 2021-2023 жылдар аралығында букмекерлік компанияларға қатысты шағымдар саны 250%-ға артқан. Сондағы мәселе — ұтыс ақшасын алу қиындығы. Келісілген матчтардың артуы тағы бар. 2022 жылы Бразилияда 152 келісілген матч тіркелген. Бұл әлемдегі ең жоғары көрсеткіш.
Үкіметтің шешіміне Bolsa Familia карталармен байланысты ахуал да айтарлықтай әсер еткен. Енді 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап ол арқылы букмекерлік шоттарды толтыруға тыйым салынады. Terra дерегі бойынша, тұрғындар ай сайын 20 миллиард реал мөлшерінде депозит құяды екен. Соның 3 миллиарды букмекерлік платформаларға аударылатын көрінеді. Ал бұл ақша негізі кедей отбасыларға көмек ретінде берілуі тиіс.

Қалай дегенмен, дәл қазір бразилиялық футбол клубтары букмекерлердің қаржылай көмегіне қатты тәуелді. Лицензиялау процесі мерзімінде жасалмаса, клубтар жаңа табыс көздерін іздеуге мәжбүр болады. Қазірдің өзінде бразилиялық клубтардың жалпы қарызы 2 миллиард долларды құрайды. Жалғыз «Коринтианстың» қарызы 400 миллион доллардан асады.