Еуропалық БАҚ: Қазақстан - Аустрия ойыны қандай есеппен аяқталатынын айтты

Редактор Penalty.kz
14.11.2024, 11:49

Аустрия сырт алаңда Қазақстанға қарсы өткізген екі кездесуінде де жеңіске жетпеген.

Vesti.kz

Еуропалық Sportskeeda.com сайты УЕФА Ұлттар лигасының бесінші турында Қазақстан мен Аустрия арасында өтетін матчқа болжам жасады.

"Қазақстан қатарынан сегіз матчта жеңіске жете алмай келеді. Соның жетеуінде жеңіліп қалды. 20 гол жіберіп алды. Ал қарсыласқа тек төртеуін ғана соқты. Лигадағы соңғы бес ойында бірде-бір жеңісі жоқ. Қарсылас қақпасына гол да соға алмады. Ал Аустрия сырт алаңда екі рет жеңіске жетіп, тоғыз гол салды. Қазір жақсы формада. Бір қызығы, Аустрия сырт алаңда Қазақстанға қарсы өткізген екі кездесуінде де жеңіске жетпеген. Екеуі де 0:0 есебімен аяқталды", – деп жазады сайт.

Айта кетейік, Қазақстан Ұлттар лигасында 4 матч өткізіп, үшеуінде жеңілді. Осыны және қарсылас команданың жақсы нәтижелеріне сүйене отырып, бүгін Алматыда өтетін кездесу еуропалықтардың пайдасына шешілетіні болжанып отыр. 

Sportskeeda.com пайымынша, Қазақстан – Аустрия матч 0:3 есебімен аяқталады.