Лондондық «Арсенал» қыста құрамын жаңа қорғаушымен күшейтуге ниеттеніп отыр
Алайда клуб жанкүйерлерінің бір бөлігі бұл трансферді артық деп санайды.
Испаниялық El Nacional басылымының мәліметінше, «Арсенал» «Барселона» сапындағы орталық қорғаушы Жюль Кундені сатып алу үшін €40 млн ұсынуға дайын. 25 жастағы француздың каталондықтармен келісімшарты 2027 жылға дейін жалғасады, бірақ Кунде Англияға ауысу мүмкіндігін қарастыруы ықтимал.
Клуб басшылығы Кунде қорғанысты күшейтіп, командаға қосымша сенімділік береді деп сенеді. Биыл «Арсенал» АПЛ-де көшбасшылыққа таласып жатыр. Екінші орында тұрған «канонирлер» қыстағы трансфер терезесінде команда құрамын барынша жақсартып, чемпиондық бәсекеге кірісуді көздейді.
Қолдаушылар:
«Кунде – жоғары деңгейдегі ойыншы, командаға пайдасы тиеді»
«Қорғаныста бәсекелестіктің болғаны жақсы»
«€40 млн дегеніміз – жақсы баға. Келісім жүзеге асса, жылдың ең тиімді трансфері болады»
Қарсы шығып жатқандар:
«Қорғаныста ойыншылар жетерлік, бізге шабуылшы керек»
«Бұл тек өсек-аяң, «Барселона» Кундені бұлай арзанға бере салмайды»
«Габриэль мен Салиба сияқты ойыншылар бар кезде жаңа қорғаушының қажеті шамалы»
«Канонирлерде» Уильям Салиба, Габриэль, Бен Уайт сияқты мықты қорғаушылар бары белгілі. Жанкүйерлердің пікірінше, клубқа қорғаныс шебін емес, орталық жартылай қорғанысты не шабуыл шебін толықтырған жөн.
«Арсенал» басшылығының қысқы трансфер терезесінде нақты қандай қадамдарға баратыны алдағы апталарда анықталмақ. АПЛ-дің көшін қуып жүрген лондондық ұжымға жаңа ойыншылар қажет болса да, жанкүйерлер трансфер саясатын сын көзбен бақылауда.