Қайрат Боранбаев: "Челси" екі жыл бойы Дастан Сәтпаевты бақылаған

Редактор Penalty.kz
11.02.2025, 14:22

"Қайрат" футбол клубының бақылау кеңесінің төрағасы Қайрат Боранбаев 16 жастағы Дастан Сәтпаевтың "Челсиге" ауысуы туралы "Спорт-Экспресс" басылымына берген сұхбатында айтты.

kazfootball.kz

— "Челси" Дастанға қашан назар аударды?

— "Челси" Сәтпаевқа қатысты бізге хабарласқанда, біраз таңғалдық. Сөйтсек, лондондық клуб Дастанды екі жыл бойы бақылап келген екен!

— Яғни, 14 жасынан бастап па?

— Иә. "Челси" соңғы уақытта Орталық Азия нарығына – Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстанға қызығушылық танытып жүр. Бұл аймақта ағылшындардың арнайы скауттық тобы жұмыс істейді. 14 жас категориясындағы ойыншылар арасынан олар Дастанды таңдап, оны мұқият бақылап отырды. Сөйтіп оны өз қатарларына қосу туралы шешім қабылдады.

— Сәтпаев ағылшындардың назарын аударған белгілі бір турнир болды ма?

— Дәл қай турнирден кейін "Челси" Дастанды қатарына қосу туралы шешім қабылдағанын нақты айта алмаймын. Бірақ ол көптеген жарыста ерекшеленді. Былтыр жасөспірімдер Чемпиондар лигасында ойнап, гол соғып, төрт матчта нәтижелі пас берді. Сонымен қатар Қазақстанның U-17 жастар лигасында өнер көрсетті және өзінен бір жас үлкен қарсыластарының арасында да көшбасшы болды. Оның статистикасы өте жақсы болды.

Біз "Зениттің" шақыртуымен Санкт-Петербургтегі турнирде жеңіске жеттік. Кейін Швейцариядағы турнирде топ жардық, онда біздің жігіттер "ПСЖ", "Бенфика", "Зальцбург" және жергілікті командалардан басым түсті. Сол жарыстарда Дастан көшбасшы болып, еуропалық клубтардың назарын аудартты. Бірақ жай ғана қызығушылық пен нақты ұсыныстың айырмашылығы бар. Дастанға қатысты нақты ұсыныс тек "Челсиден" түсті. Лондондық клуб "Қайратқа" ресми хат жолдап, содан кейін келіссөздер басталды.

Желтоқсанда ол "Челсиге" сынақтан өтуге барды. БАҚ оның ағылшындарға жақсы әсер қалдырғанын, бірақ нақты келісім жоқ екенін жазды.

— Сол кезде сіз трансфер жүзеге асады деп сендіңіз бе?

— Неге сенбеске? Шын мәнінде, Дастан Лондонға аттанбас бұрын-ақ бәрі шешіліп қойғандай еді. Біз тек жария етпедік. Ол "Челсиде" болған кезде біз келіссөздердің соңғы кезеңіне жеткен едік. Барлық құжатқа қол қойылды, трансфер аяқталды. Барша жанкүйерлерімізді осы маңызды оқиғамен құттықтаймын!

— Дастан неге Англияда тек екі апта болды?

— Оның жасы әлі 16-да, сондықтан визалық шектеулерге байланысты ұзақ уақытқа қала алмады. Ол Лондонға ата-анасымен бірге барды, бірақ қазір елге оралды. Алдағы екі жылды ол "Қайрат" сапында жалға өткізіп, тәжірибе жинайтын болады.