Бразилияда 26 жастағы футболшы Габриэль Попоның кенеттен қайтыс болғаны белгілі болды.
Үшінші лигадағы “Жау” футбол клубының ойыншысы болған Попо 16 ақпан күні таңертең команданың жаттығу базасында ес-түссіз табылды. Оны алғаш болып командадағы әріптесі байқап, жедел жәрдем шақырған. Дәрігерлер спортшының өмірі үшін күрескенімен оны аман алып қалу мүмкін болмады.
Жергілікті БАҚ таратқан ақпаратқа сәйкес, футболшының өліміне өткір миокард инфаркті себеп болған. Өкінішке орай, Габриэль Попо артында төрт жасар қызын қалдырды.
“Габриэль Протасио, баршаға Попо есімімен танымал спортшымыздың өмірден өткенін зор күйінішпен хабарлаймыз. Оның отбасы мен жақындарына, сондай-ақ команда мүшелеріне көңіл айтамыз. Бұл орны толмас қаза, біз осы ауыр сәтте бірге боламыз”, – делінген клубтың ресми мәлімдемесінде.
Бұл қайғылы жағдай Бразилия футбол қауымдастығы мен жанкүйерлеріне ауыр тиді. Ойыншылар мен жанкүйерлер Габриэль Попоны құрметпен еске алып, оның спорттағы жетістіктерін атап өтуде.