Португал маман ҚФФ-да лауазымды қызметке тағайындалды

Редактор Penalty.kz
13.03.2025, 16:00

Португалиялық маман Қазақстан төрешілерін жаңа деңгейге көтере ала ма?

kff.kz

Қазақстан футбол федерациясы (ҚФФ) төрешілік және инспекциялау департаментінің жаңа директоры ретінде 52 жастағы португалиялық маман Нуну Алешандре Паррейра де Каштруды тағайындады.

Еуропадағы төрешілік саласының үздік маманы

Нуну де Каштру Еуропадағы төрешілік жүйесін дамытуда жетекші мамандардың бірі саналады. Оның 34 жылдық тәжірибесі бар. Португалия футбол федерациясы мен Бельгия футбол қауымдастығында маңызды қызметтер атқарған. 

Қандай маңызды қызметтер атқарды?

  • Португалия футбол федерациясының Төрешілер академиясының техникалық директоры ретінде заманауи оқыту әдістерін енгізді;
  • Англия, Ирландия, Украина және Швециядағы төрешілік жүйесінің дамуына үлес қосты;
  • УЕФА төрешілік комитетінің мүшесі, 170-тен астам халықаралық матчта сарапшы қызметін атқарған.

ҚФФ президенті: "Бұл реформалар төрешілік сапасын арттырады"

ҚФФ басшысы Марат Омаров жаңа директордың келуі Қазақстандағы төрешілік сапасын жаңа деңгейге көтеретінін атап өтті.

«Каштрудың бұл қызметке тағайындалуы Қазақстандағы төрешілік жүйесін жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Оның халықаралық тәжірибесі, заманауи әдістері мен төрешілік саласындағы терең білімі төрешілерді дайындау жүйесін жетілдіруге, ұлттық жарыстардағы төрелік сапасын арттыруға және Қазақстанның әлемдік футбол қауымдастығындағы орнын нығайтуға ықпал етеді.

Сондай-ақ, аталған реформалар аясында төрешілердің, инспекторлардың, ТВ-инспекторлардың және VAR операторларының қаржылық жағдайы екі есе ұлғайтылды. Бұл олардың еңбегін әділетті бағалап, төрешілік сапасының артуына септігін тигізеді», - деді ҚФФ президенті Марат Омаров.