Біріккен Араб Әмірліктерінің футбол қауымдастығы ұлттық құраманың бас бапкері Паулу Бентумен келісімшартты тоқтатты. Бұл шешім 5 маусым күні Өзбекстанға қарсы өтетін тағдырлы ойын қарсаңында қабылданды.
Португалиялық маман Паулу Бенту және оның жаттықтырушылар штабы қызметінен босатылды. Ресми мәлімдемеде бұл шешімнің нақты себебі көрсетілмеген.
Бенту құраманы 2022 жылдан бері жаттықтырып келген еді. Оның жетекшілігімен БАӘ құрамасы 25 наурыз күні Солтүстік Кореяны 2:1 есебімен әрең жеңген болатын.
2026 жылғы Әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде БАӘ құрамасы 13 ұпаймен өз тобының үшінші орнында тұр. Ал Өзбекстан — 17 ұпаймен екінші орында.
Егер 5 маусымдағы ойында Өзбекстан жеңіске жетсе немесе тең нәтиже тіркелсе — тарихта алғаш рет әлем чемпионатына жолдама алады.