Радио жөндейді, бау-бақша баптайды — Робиньо бостандық үшін қалай күресіп жатыр?

Редактор Penalty.kz
27.03.2025, 08:00

Мадридтік "Реалдың" бұрынғы жұлдызы, бразилиялық футболшы Робиньо топтық зорлау ісі бойынша 9 жылға бас бостандығынан айырылған еді. Қазір ол Бразилиядағы Тремембе түрмесінде жазасын өтеуде. Бұл мекеме – танымал тұлғаларға арналған қауіпсіздігі жоғары түрме.

Marca.com

Робиньо күндерін қалай өткізеді?

Футболшы алғашқы жылын Тремембедегі камерасында өткізді. Мұнда жазасын өтеушілерге арнаулы жұмыстар мен тәртіптік талаптар қойылады. Робиньо радиоқабылдағыштар мен теледидарларды жөндейді, бақша күтімімен айналысады, спорттық аяқ киіммен футбол ойнап, кітап оқиды. Жақындары айына бір рет азық-түлік, киім-кешек, ойындар мен журналдар әкеліп тұрады.

Жаза мерзімін қалай қысқартуға болады?

Робиньоның адвокаттары апелляция беруді жалғастыруда, алайда нақты нәтиже әлі жоқ. Соған қарамастан бразилиялық футболшы жазасын қоғамдық жұмыстар арқылы қысқартуға үміттенеді: 12 сағаттық еңбек – 1 күндік жеңілдік. Сонымен қатар ол өзіне берілген жұмыстарды жауапкершілікпен атқарып, түрме әкімшілігінің сеніміне ие болған. Қазір Робиньо "үлгілі тұтқын" ретінде танылып отыр.

ФОТО: nytimes.com

Үміт пен белгісіздік

Қазір 41 жастағы футболшы шартты түрде мерзімінен бұрын босатылуға үміт артып отыр. Бірақ бұл істің көлеңкелі тұстары әлі де бар: Робиньо ісінде тағы төрт күдікті болған, алайда олардың барлығы жасырынып үлгерген. Ал осы аптада оның бұрынғы жеке күзетшісі өлі күйінде табылды.