Сыйақы ма, ұрлық па? Қазақстан футболының көлеңкелі қаржылары әшкере болды

Редактор Penalty.kz
27.03.2025, 17:16

Қазақстан футбол федерациясында (ҚФФ) және бірқатар футбол клубтарында жүргізілген прокурорлық тексеріс нәтижесінде қаржылық заңбұзушылықтар мен тиімсіз басқару фактілері анықталды. Мемлекетке келген шығын көлемі 3 миллиард теңгеден асты.

фото ашық дереккөздерден алынды

Бұл туралы Бас прокуратураның баспасөз қызметі ресми түрде хабарлады.

"Қазақстан футбол федерациясы мен кейбір футбол клубтарында жүргізілген прокурорлық тексеріс барысында тиімсіз басқару мен қаржылық бұзушылықтар тіркеліп, мемлекетке 3 млрд теңге көлемінде залал келтірілгені анықталды", — делінген хабарламада.

Негізгі заңбұзушылықтар

  • 300 миллион теңге — қызметкерлер мен спортшыларға негізсіз берілген сыйақылар;
  • 350 миллион теңге — Талғардағы Федерация нысандарын салу кезінде орындалмаған жұмыстарға төленген қаржы;
  • 2021 жылдан бері тоқтап тұрған Алматы облысындағы спорт базасының құрылысы;
  • 135 миллион теңге — іске аспайтын және нақты механизмдері жоқ құжаттарды әзірлеуге жұмсалған.

Клубтардағы қаржылық бұзушылықтар

Тексеріс: "Ордабасы",. "Ақтөбе"және "Жетісу" клубтарында да жүргізілді. Нәтижесінде:

  • Келісімшарт сомалары негізсіз өсірілген;
  • Футболшыларды сатып алу мен сату кезінде заңбұзушылықтар тіркелген;
  • Қаржы жымқыру деректері анықталған

Футбол федерациясының бұрынғы басшыларына қатысты қылмыстық іс Қаржы мониторингі агенттігіне жолданды.

Еске салсақ, 4 наурызда Қаржы мониторингі агенттігі (ҚМА) ҚФФ-ның бұрынғы басшылығына қатысты сотқа дейінгі тергеуді бастаған болатын.

Бұған дейін Бас прокуратура Қазақстан футбол федерациясының қазіргі басшысы Бәрменқұловтың қылмыстық өткенін жоққа шығармаған.