Астаналық «Барыс» хоккей клубы бас бапкер Михаил Кравецтің отставкаға кетуі мүмкін деген ақпаратты ресми түрде жалған деп мәлімдеді.
Бұл туралы астаналықтардың баспасөз қызметі мәлімдеді.
«Құрметті әріптестер! Әлеуметтік желіде «Барыс» командасының бас бапкері ауысуы мүмкін деген жалған ақпарат тарап жатыр. Ресми түрде хабарлаймыз: клуб басшылығы өзге мамандармен ешқандай келіссөз жүргізіп жатқан жоқ.
Қазір Михаил Кравец бастаған жаттықтырушылар штабы қалыпты режимде жұмыс істеп, команданы келесі ойындарға дайындап жатыр», — делінген хабарламада.
Соңғы кезеңде клубтың нәтижелері көңіл көншітпейді. Соңғы 14 кездесуде «Барыс» небәрі екі рет жеңіске жетті.
Қазір астаналық команда ҚХЛ-дың Шығыс конференциясында 9-орында тұр. 24 ойыннан кейін 19 ұпай жинаған «Барыс» плей-офф аймағынан тыс қалған.