Аталған әлемдік дода АҚШ-та өтіп жатыр.
Хоккейден жастар арасындағы әлем чемпионатының финалында Швеция мен Чехия құрамалары жолықпақ. Турнир АҚШ-тың Миннесота штатындағы Сент-Пол қаласында өтіп жатыр. Чемпиондық атақ үшін таласатын екі еуропалық команда финалда өзара мықтыны анықтайды.
Швеция финалға жартылай финалда Финляндияны буллиттер сериясында 4:3 есебімен ұтып, жолдама алды. Бұл қос құрама жартылай финалда қатарынан екінші жыл кездесіп отыр. Өткен маусымда дәл осы есеппен буллиттерде финдер жеңіске жетсе, биыл шведтер қарымта қайтарды.
Екінші жартылай финалда Чехия құрамасы турнирдің басты фавориттерінің бірі саналатын Канаданы 6:4 есебімен сенсациялық түрде жеңді. Ойын барысында есеп 2:2 болып тұрған сәтте канадалық Майкл Хэдж екі мәрте айып соққысын орындай алмай қалды. Оның алғашқы әрекеті қақпашы тарапынан ереже бұзылғаны үшін есепке алынбады.
Чехиялық хоккейшілер шешуші шайбаны негізгі уақыттың аяқталуына 1 минут 14 секунд қалғанда соғып, жеңісті уысынан шығарған жоқ. Осылайша, Чехия құрамасы плей-офф кезеңінде Канаданы екінші жыл қатарынан турнирден шығарып отыр.
Финалдық матч 6 қаңтарға қараған түні өтеді. Ал үшінші орын үшін кездесуде Финляндия мен Канада құрамалары мұз айдынына шығады.
Айта кетейік, турнир басталар алдында сарапшылар мен букмекерлер Канада мен АҚШ құрамаларын басты фавориттер қатарында атаған еді. Алайда 2016 жылдан бері алғаш рет жастар арасындағы әлем чемпионатының финалы Солтүстік Америка құрамаларының қатысуынсыз өтпек.
Сондай-ақ 2020 жылдан бері чемпиондық атақ тек Солтүстік Америка командаларына бұйырып келген. Еуропалық құрамалар арасынан соңғы рет Финляндия 2018 жылы алтын медаль иеленген болатын.