Астаналық "Барыс" Құрлықтық хоккей лигасының плей-офф кезеңіне шығу мүмкіндігін толық жоғалтты. Елордалықтар төртінші маусым қатарынан турнирдің шешуші кезеңінен тыс қалды.
"Барыстың" плей-оффқа өту үміті Новосибирскінің "Сибирь" командасы "Шанхай Дрэгонсқа" қарсы 2:1 есебімен жеңіске жеткеннен кейін біржола үзілді. Нәтижесінде астаналық клубтың турнирлік есептегі жағдайы плей-офф аймағына көтерілуге жеткіліксіз болып қалды.
Соңғы жылдардағы көрсеткіш те көңіл көншітпейді:
Өткен маусымда "Барыс" ҚХЛ-дың Шығыс конференциясында 35 ұпаймен соңғы орында қалып қойды.
2023/2024 маусымында астаналық клуб конференция кестесінде 50 ұпаймен шектелді.
2022/2023 маусымында команда Шығыста соңғы позицияға орналасып, 61 ұпай еншілеген.
Қазақстандық клуб ҚХЛ плей-оффына соңғы рет 2021/2022 маусымында өткен. Сол кезде 1/8 финалда Магнитогорскінің "Металлургынан" серияда 1:4 есебімен жеңілген. Айта кетейік, дәл сол маусымда "Металлург" турнирдің финалисі атанды.