Хоккейден Қазақстан құрамасы әлем чемпионатын сенімді жеңіспен бастады

Бокс шолушысы
02.05.2026, 23:56

Ұлттық құрама хоккейден 2026 жылғы әлем чемпионатының Бірінші дивизионындағы алғашқы ойынын жеңіспен аяқтады.

instagram/@kazakhstanicehockey

Қазақстан алғашқы минутта гол жіберіп алды

Талғат Жайлауовтвң шәкірттері Литва құрамасын 4:1 есебімен ұтты.

Матч Қазақстан үшін оңай басталған жоқ. Литвалықтар 2-минутта алға шықты. Осыдан кейін қазақстандық команда ұзақ уақыт бойы қарсылас қақпасына жол таба алмады.

Тек үшінші кезеңнің басында, 42-минутта Кирилл Савицкий есепті теңестірді. Бұл гол Қазақстан құрамасына психологиялық тұрғыдан серпін берді.

Гатиятов жеңіс шайбасын соқты

47-минутта Артур Гатиятов Қазақстанды алға шығарды. Ал ойынның соңғы бөлігінде Талғат Жайлауовтың командасы басымдығын толық бекітті.

56-минутта Семен Симонов мергендігімен көзге түссе, 59-минутта Федор Хорошев қорытынды есепті орнатты.

Келесі қарсылас — Жапония

Қазақстан құрамасы турнирдегі екінші кездесуін ертең өткізеді. Қарсылас — Жапония құрамасы. Матч 15:30-да басталады.

Айта кетейік, әлем чемпионатының элиталық дивизионына жолдама алу үшін Қазақстан құрамасы Бірінші дивизионда бірінші немесе екінші орын иеленуі керек.

Реклама
Реклама