Жарнама
Жарнама

Михаил Кравец "Барыстың" жаңа қақпашысы туралы сынға жауап берді

"Барыс" ХК бас бапкері Михаил Кравец командаға жаңадан қосылған америкалық қақпашы Хантер Шепардтың маусым алдындағы турнирлерде көп шайба жіберіп алуына қатысты пікір білдірді.

Михаил Кравец "Барыстың" жаңа қақпашысы туралы сынға жауап берді
"Барыс" ХК

Мамандар мен жанкүйерлер тарапынан айтылған сынға жауап берген Кравец қақпашыға бейімделу үшін уақыт қажет екенін атап өтті.

Хантер Шепард Ресейдегі маусым алдындағы ойындарда "Барыстың" қақпасын қорғады. Уфада өткен "Амурға" қарсы кездесуде америкалық қақпашы бес шайба өткізіп алса, Санкт-Петербургтегі соңғы ойында да оның қақпа қорғанысы әлсіз болды.

Бас бапкердің пікірінше, бұл нәтижелерге қарап Шепардтың мүмкіндігіне бірден баға беруге болмайды.

"Алғашқы ойынды алатын болсақ, ол үшін бұл ҚХЛ-дегі алғашқы матч болды. Бұған дейін басқа лигада ойнаған, сондықтан оған бейімделу қажет еді. Келесі кездесуде ол мықты команда — СКА-ға қарсы ойнап, бар болғаны бір гол жіберіп алды.

Кеше өткен ойында қорғаныс тарапынан көптеген қателік болды. Әсіресе құрамда аз адам болғасын көп гол жіберіп алдық. Әрине, Шепардтың да қатысы бар. Бірақ қақпашы командаға келе сала барлық матчта қақпасын голдан сақтайды деп ойлау дұрыс емес. Оған да ойын ырғағына ену керек. Ол қақпада тұрғанда жігіттер арттарында көмектесетін сенімді қақпашы бар екенін біліп, алаңға еркін шығады. Шутов туралы да осыны айта аламын. Бірақ бұл әзірге маусым алдындағы кезең. Негізгі чемпионат басталғанда жауапкершілік те артады.", — деді Кравец баспасөз мәслихатында.

Хантер Шепард "Барысқа" биыл жазда ауысып, клубпен 2027 жылдың мамырына дейін жарамды біржақты келісімшарт жасасты. Америкалық қақпашы мансабының басым бөлігін НХЛ-дегі "Вашингтон Кэпиталз" жүйесінде өткізді. Шепард осыған дейін "Беллвилл Сенаторз" және "Лаваль Рокет" командаларында өнер көрсетті.

Жарнама
Жарнама