"Барыс" Санкт-Петербургтегі турнирде алты шайба соғып, алғашқы жеңісіне жетті
Астананың "Барыс" ХК Санкт-Петербургте Николай Пучков атындағы турнирде Владивостоктың "Адмиралын" овертаймда 6:5 есебімен жеңді.
Негізгі уақыт тең аяқталды
Нәтижелі өткен кездесудің негізгі уақыты 5:5 есебімен аяқталды. "Барыс" сапынан Дінмұхамед Қайыржан 3-минутта есеп ашса, 17-минутта Семен Симонов мергендік танытты.
Үшінші кезеңге дейін Әлихан Өмірбеков екі шайба соғып, дубль авторы атанды. Ол 36 және 57-минуттарда қарсылас қақпасын дәл көздеді. Сонымен қатар 37-минутта Джастин Бэйли гол соқты.
"Адмирал" құрамында Иван Муранов екі рет ерекшеленді. Сонымен қатар Дмитрий Завгородний, Александр Волков және Энтони Камара бір-бір шайбадан енгізді.
Чейз Приски жеңіс шайбасын соқты
Жеңімпаз овертаймда анықталды. Қосымша уақыттың 61-минутында Чейз Приски шешуші шайбаны соғып, "Барысқа" 6:5 есебімен жеңіс сыйлады.
Сөйтіп астаналық команда Николай Пучков атындағы турнирде алғаш рет жеңіске жетті. Бұған дейін "Барыс" жергілікті СКА клубына буллит сериясында 1:2 есебімен, ал СКА-ВМФ командасына да 1:2 нәтижесімен есе жіберген.