Қазақстандық спортшы төрт жылға спорттан шеттетілді
Әбіқайыр Мәуленин антидопинг ережелерін бұзған болып шықты.
Қазақстандық курашшы Әбіқайыр Мәуленин допингке қарсы ережелерді бұзғаны үшін төрт жылға жарыстардан шеттетілді.
Халықаралық тестілеу агенттігі (ITA) бұл шешімді IKA антидопинг ережелерінің 2.1 және 2.2-баптарына сәйкес қабылдағанын хабарлады.
Допинг сынамасы
ITA мәліметінше, Мәулениннен 2024 жылғы 17 желтоқсанда Өзбекстанның Ташкент қаласында өткен World Series Pro финалы кезінде алынған сынамадан экзогенді тестостерон мен адиол анықталған. Бұл заттар Дүниежүзілік допингке қарсы агенттіктің (WADA) тыйым салынған препараттар тізіміне кіреді.
Аталған заттар S1.1 санатындағы анаболикалық-андрогендік стероидтар ретінде жіктеледі және жарыс кезінде де, жарыстан тыс уақытта да қолдануға тыйым салынған.
Шеттету мерзімі 2029 жылға дейін созылады
ITA шешіміне сәйкес, Әбілқайыр Мәулениннің дисквалификация мерзімі 2025 жылғы 27 мамырдан 2029 жылғы 26 мамырға дейін жалғасады. Сонымен қатар спортшының 2024 жылғы 17 желтоқсаннан бастап көрсеткен нәтижелері жойылады.
Іске қатысы бар тараптар бұл шешімге Спорттық арбитраж сотының (CAS) апелляциялық бөліміне шағым бере алады.